Қазақстан жастары үшін баскетбол бапкері мен спортты дамыту кеңесшісі ретінде он жыл қызмет ету мен үшін үлкен қуаныш пен мәртебе. Өзім жаттықтарған жастардың әлеуетін көріп жігерленемін, сонымен қатар қазіргі жүйенің жақсартылуы қажет салаларын көріп тұрмын. Он бес жыл жұмыс тәжірибесі бар американдық баскетбол бапкері ретінде, мен Қазақстандағы баскетболдың дамуына көмегім мен кеңесімді ұсынғым келеді. Бұл жоспарды тек баскетболда ғана емес, сонымен қатар басқа да спорт түрлеріне, сондай-ақ жастармен жұмыстағы басқа да салаларда қолдануға болады.

Ұлттың болашағы оның жас адамдарында. Бүгінгі жас спортшылар ертеңгі күннің мұғалімдері, бапкерлері, мамандары, кәсіпкерлері, сондай-ақ үкімет басшылары болып табылады. Спорт осы балаларға ауыр еңбек етудің, бағышталудың, топтық жұмыс, жеке ұстамдылық пен ережелерді ұстанудың негізгі қасиеттері мен құндылықтарын үйренуге мүмкіншілік береді. Осы қасиеттер жеке тұлғаның табысты болуына маңызды, бірақ бұл бүкіл жанұя, қоғам мен елдің жетістігі үшін де маңызды. Спорт жастарға өздеріне сенімді болуға мүмкіншілік береді, сол арқылы олар алдындағы өмірлерінде одан да үлкен белестерден өте алады. Қысқаша айтқанда, спорт — жастар мен бүкіл ұлттың мінезін құру және қалыптастыру үшін керемет құрал.

Білім жастардың және бүкіл Қазақстан елінің табысқа жету кілті. Бүгінгі Қазақстан студенттері ертеңгі халықаралық нарықта жаңа технологияларды, тауарлар мен қызметтерді ұсынатын әлем көшбасшылары болуға әлеуеті бар. Алайда мұндай тапсырмаға тек еңбеккорлықтың, өзін-өзі бағыштаудың, және жоғары сапалы академикалық дайындықтың арқасында қол жеткізуге болады.

Зерттеулер көрсетуі бойынша сыныптан тыс іс-шаралар, мысалы мектептер немесе университеттер арасындағы спорт бағдарламалары білім беру үдерісіне өте пайдалы екенін көрсетеді. Олар студенттердің күштерін жұмсауға керемет мүмкіншілік және оқу барысында көп ынта тудырады. Осының нәтижесінде жастар үшін білім алу, қоғамдық және моральдық дамуға тамаша орта құрылады. Мектеп спорт бағдарламаларына қатысу — оқу үлгерімін жақсартып, көшбасшылық дағдыларын дамытады. Спорт арқылы үйретілген тәртіп, елдің жас көшбасшыларын тәрбиелеуге көмектеседі. Спорт білім беру үрдісінің маңызды құрамдас бөлігі.

Сыныптан тыс іс-шаралардың маңызын түсінген, американдық мектептер мен университеттер мектеп аясында спорттық бағдарламаларды әзірледі. Шынында да, Америкада ең алдымен, спорт мемлекеттік және жеке меншік мектептер арқылы дамиды. Құрама Штаттарында, спорт — білім беруге бағытталған. Спортшы студенттер мектепте белгілі бір спорт түрімен айналысқысы келсе, оларға өте қатаң талаптар қойылады. Ойнай алу үшін, олардың бағалары тиісті болып, алаңда және алаңнан тыс жақсы жүріс-тұрысы болу керек.

Сондай-ақ оқу орындардың спорттық бағдарламалары қоғамдағы жастарды жұмылдыруға жағдай жасайды. Мектеп ойындарында, спортзалдар жанкүйер болып қатысатыната-аналар, оқушылар мен көршілес адамдарға толы болады. Оқушы қыздар қолдау ұжымдарына қатысады, сондай-ақ музыкалық дарынды балалар мектептен музыкалық қолдау көрсету тобын құрайды. Ойын күні көңіл күй керемет. Мектеп спорттық топтарының өзіндік түстері және бейнелері бар. Қоғам — мектеп тобының айналасында бірігіп, қоғамдық ауызбіршілікті көрсетеді. Олар осы қоғамның балалары. Осы азаматтық мақтаныш күшті қоғамды құруға көмектеседі. Елді күшті қылатын осындай мықты қоғамдастық.

Спорттың мақсаты – жастарға өз арманына қол жеткізуге көмектесу, өзіне деген сенімдік беру, жастықтың беретін қысқа мерзімдік мүмкіндігін пайдалану. Аянбай еңбек еткен ойыншылар үшін, ары қарай толық оқу грантын алып, университет тобы үшін ойнауға, болашақ өмірлеріне оқып дайындалуға мүмкіншілік алады.

Америкадағы жүйе – жастардың арманын іске асыруға бағытталған. Қоғамдық лига, мектеп және университет лигасы болашақ ойыншыларды, бапкерлер мен жанкүйерлерді дамыту қарапайым қоғам мүшелерінің инфрақұрылымынан бастайды. Университет лигасында дамып (NCAA), жақсы ойнайтын студенттер ары қарай кәсіби ҰБҚ үшін ойнауға мүмкіндігін алады.

Алайда, университет ойыншыларының көбісі оқуды бітіргеннен кейін, өздерінің оқыған салаларында жұмыс жасайды. Университет жүйесі жастарға болашаққа білім алып дайындалуға көмектесуімен қатар, баскетболмен айналысып, ойында дамуына да мүмкіндік береді. NCAA студенттік лигасының басты назары — білімде. Білім алудың құндылығын түсінетін екі тамаша ойыншылардың үлгісі: Сан-Антонио Спёрс тобынан Тим Данкан және аты аңызға айналған Майкл Джордан. Данкан университеттің үшінші курсында ҰБҚ ұсынысынан бас тартып, алдымен инженерлік оқуын аяқтауды таңдады. Майкл Джордан университетті бұрынырақ тастағанымен, оқуын толықтай аяқтады, ҰБҚ-да алғаш ойнаған жылдарының жаз мезгілінде Солтүстік Каролина унивеситетінде оқыды.

Білім беруге осындай күшті назар аударғанның арқасында, Америкада барлық мектептер мен университет лигасын басқарушылар спортпен айналысуды, сондай-ақ жастармен жұмысты жақсы көретін оқытушылар. Олардың бұл жүйеден ешқандай жеке қаржылық мүддесі жоқ. Мүдделер қақтығысын алдын алу үшін нақты құқықтық ережелері мен тәртіптері бар.

Егерде менде баскетболдың дамуына мүмкіндік пен «рұқсат» болса, мынадай стратегияны ұсынар едім. Біріншіден, мүдделер жанжалының алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін, жеке қаржылық мүддесі жоқ, баскетбол үшін «барлығына» дайын басқарушыларды таңдар едім. Баскетбол Федерациясының рөлі – баскетболдың жалпы және жаппай дамуына себеп болу, сондай-ақ барлық клуб топтарына әділ және тең өкілдік қамтамасыз ету. Федерация – Қазақстан ұлттық құрамаларын және де барлық кәсіби лигаларды басқаруы керек деп сенемін. Алайда, мектеп пен университет лигаларын, оқу орындарының өздері тікелей басқаруы тиіс. Қала әкімшілігі мен тәуелсіз ұйымдар қоғамдық демалыс спорт лигаларын меңгеры үшін мінсіз құрылымдар болып табылады.

Бұл сценарий барлығына да тиімді. Балалар өздерінің әрқашан айналысқысы келген сүйікті спорт түрлерімен айналысу мүмкіндігіне қуанышты. Сондай-ақ бірнеше балалар ғана кейінірек кәсіби ойыншылары болатынына, клубтар да бақытты, көптегені кейінірек болашақ бапкерлер, төрешілер, әкімшілер мен баскетбол жанкүйерлеріне айналады. Егерде әркімнің жас кезінде ойнауға мүмкіндігі бар болса, спорт залдар он бес жылдан кейін жанкүйерлерге толы болады. Барлық деңгейлерде баскетболға жаңа спорт нысандарын салу сұранысын тудырады, және өз кезегінде кәсіби клубтардың мүдделеріне пайдалы болатын әлеуетті демеушілер үшін үлкен нарық қалыптастырады.

Баскетболды дамытуға байланысты бірнеше бағыттарды дамыту қажет. Біз мектеп лигалары, университет лигалары, қоғамдық демалыс лигаларын құрып, бапкерлер мен ойыншылар үшін семинарлар ұйымдастырып, және қалалардың көп жерлерінде баскетбол ойнауға арналған сапалы алаңдар соғуымыз керек. Осындай қарапайым қоғам мүшелерінің деңгейінен даму түрі болашақ ойыншылар, бапкерлер, жанкүйерлерді шығарады, және кәсіби баскетболды дамыту үшін қызығушылық пен нарықты қалыптастырады.

Мектеп, университет және спорттық-сауықтыру бағдарламалар рухы — жастар үшін әділ және достық спорттық жарысын қамтамасыз ету құралы болуы тиіс, бұл өз кезегінде, спортшы студенттердің әлеуметтік, білім алу мен спорттық дамытуына қолайлы ықпал жасайды. Мұндай жүйе адалдық, әділдік, пен жастардың мүдделерін қорғау құндылықтары негізінде құрылуы тиіс.

Қатаң академиялық стандарттар мектеп және университет лигаларына қатысатын спортшы студенттер үшін ең бастысы болуы керек. Өкілі болып табылатын өз оқу орындарында күндізгі бөлімінде шынымен студент болып оқитындарға ғана қатысуға болатындай шектелуі керек. Қатыса алу үшін, спортшы-студенттердің оқуы жақсы және үлгілі тәртібі болу керек. Қысқаша айтқанда, студенттердің оқуы бірінші орында болуы керек және осы спортшы-студенттің мүддесі мен әл-ауқаты қорғалу керек.

Мүмкін баскетболдың дамуындағы ең маңызды құрамдас бөлігі ашық баскетбол алаңдары мен қоғамдық саябақ нысандарын құру. АҚШ-та ойыншылар шынымен осы жерде дамиды. Жас ойыншылар өздерінен үлкен және тәжірибелі ойыншыларға қарсы ойнауды алаңға шығып үйренеді.

Қала әкімшіліктерінің Саябақтар мен демалыс бөлімдері, қоғамдық саябақтарды дамытуға, жерлері мен ғимараттарына техникалық қызмет көрсетуге және саябақ ғимараттарында өткізілетін қоғамдық спорт бағдарламаларын дамытуға жауапты. Жастар мен ересек лигаларға әдетте баскетбол, бейсбол, футбол, американдық футбол, волейбол ұсынылады. Қалалық лигамен қатар, басқа да түрлі лигалар әр түрлі қоғамдық ұйымдар арқылы құрылады, мысалы: Киванис (Kiwanis), Ротари Клубтары (Rotary Clubs), Жас мәсіхшілер қауымдастығы (YMCA), Ұл балалар клубы, Қыздар клубы, мектептер мен мәсіхшілер қауымдары жастар мен қоғамның өмір деңгейін жақсарту үшін ұйымдастырады.

Волонтерлік рух осы лигалардың күшті құрамдас бөлігі. Көптеген ата-аналар және қамқор азаматтар балалар және қоғамның мүддесі үшін уақыттарын аямай бөледі. Әдетте, қатысушылар лигаға кіру үшін шағын жарнасын төлейді. Ол жеңімпаздарға сыйлық алу үшін және төрешілерге жалақы ретінде қолданылады. Ата-аналар жиі осы лигалардың волонтер-бапкерлері болып қызмет етеді. Осы қоғамдық лигалар балаларға салауытты серігу мүмкіншіліктерін береді. Жастар салауатты өмір салтымен серігетіндіктен, нәтижесінде, қоғамдық ахуалды жақсартып, кәмелетке толмаған қылмыстар мен есірткі пайдалануды азайтады.

Мен жеке өз басым бейсболдың кіші лигасында он бір жыл ойнадым. Лига жергілікті қоғамның әрекеті еді. Жергілікті мәсіхшілер қауымы өздерінің жерлерін төрт алаң құруға сыйға берді. Қоршау жасайтын кәсіпорыны бар адам, қоршау және алаң соғуға қажетті жабдықтарды сыйға тартты. Диқаншы тұрақты түрде алаңды ойынға дайындап тұрды. Барлық әкімшілік пен барлық жаттықтырушылар балалардың ата-аналарынан тұрды. Олар балаларға көмектесу үшін өздерінің уақыты мен күш-қуатын бөлді. Менің әкем екі маусым бойы мені жаттықтырды. Ол көптеген балаларға жағымсыз істерден алшақ болып, күш-қуаттарын пайдалы нәрсеге шығаруға мүмкіндік берген тамаша жоба болды.

Тағы, қоғамдық саябақтар волейбол мен футбол алаңдарын, жаяу жүруге сүрлеулер, жүгіретін жолдар, үй жануарларын серуендету аймағы, балалар алаңы, балық аулайтын кішігірім тоғандар, велосипед тебу жолы, скейтборд тебу саябағы, қыс уақытында коньки тебу мұз айдыны, пикник жасау орындарын, қоғамдық концерттерге ашық аспан астындағы сахналар ұсына алады. Қала саябағы — жанұялар ауыр жұмыс күннен кейін бірге уақыт өткізіп тыныс алуға ең жақсы жер болады. Осы тағы қоғамдық қарым-қатынасты дамытып, тонның ішкі бауындай қоғамды қалыптастырады. Осы азаматтық абырой мен қоғамдық жауапкершілікті күшейтіп, азаматтық волонтерлікті дамытады.

Қоғамдық демалыс спорт лигаларды дамыту топтық жұмыс болу керек. Қала әкімшілігі қоғамдық саябақтары мен спорттық инфрақұрылымды және спорт нысандарының әлеуметтік, азаматтық және экономикалық құндылығын мойындауы керек, сондай-ақ қоғамдық демалыс спорт лигаларын дамытуға көмектесуі керек. Батыста, қала әкімшілігі қаланың экономикалық дамуындағы демалыс орындарының маңыздылығын түсінеді. Қалалар жоғары деңгейлі кәсіпқой мамандарды, бизнестің жаңа түрлерін, өз қоғамына инвестицияларды тарту үшін, өмір сүруге тартымды және қалаулы орын ұсынуы керек. Жас мамандар өз отбасыларының өмір сүруі үшін жақсы және ыңғайлы аудандарды іздейді. Олар қауіпсіз көшелерді, салауатты қоршаған ортаны, жақсы мектептер мен балалары үшін жақсы қоғамдық демалыс орындарын іздейді.

Біздің басты рөліміз Қазақстан жастарын оқыту екендігін түсінуіміз керек. Жастармен жұмыс істеуде тамаша жауапкершілікті қабылдап, іске шындап кірісуіміз керек. Біз үлгі болуымыз керек, және бізден алған өнегені жастар өздерінің кәсіби өмірлерінде ары қарай алып жүреді. Білім алу, әлеуметтік және спорттық даму тұрғысында адалдық, әділдік пен еңбексүйгіштік қағидалары біздің әрекеттерімізге басшылық етуі керек, сонда ұлттың болашағына жақсы негіз саламыз. Бұл шыныменде киелі жауапкершілік.

Ақырында, табысты баскетбол дамуы бүкіл қоғамның бірігіп, осыны жүзеге асыруға көмектесуін талап етеді. Қала басшылықтары өз жауапкершіліктерін орындап, ашық және тегін қоғамдық спорт кешендерін қамтамасыз ету керек. Федерациялар мен кәсіби топтар қолдарынан келгенше өз көмектерін ұсынулары қажет. Мектептер мен университеттер әкімшіліктері мектеп пен университет лигаларына спортзалдар, жабдықтар мен жалпы қолдау көрсетіп көмектесуге дайын болу керек. Ата-аналар мен қоғамдағы басқа да мейірбан ересектер алға шығып, өз уақыттарын мектеп пен университет лигаларын басқаруға, жаттықтыруға және төреші болуға арнаулары қажет. Ата-аналар да, ойындарға келіп, қошеметтеп жігерлендіру арқылы балаларына қолдау көрсетулері қажет. Олар бүгін спорт арқылы қол жеткізген батылдық, олардың өмірлері бойы жаңғырық болады.

Біз барлығымыз бірге жастарға армандарын спорт алаңында, сыныпта және өмірде орындауға үміт пен мүмкіншілік беруге ат салысуымыз керек. Біз жастардың мүддесін қорғап, әділдік, ауыр еңбек ету мен ережелерді ұстанудың құндылығын өз үлгімізбен көрсетуіміз керек. Сонда, біз оларға өз үлгімізбен, мінездің ең жоғарғы құндылығы мен табыстың кілтін береміз. Өзімізді өзгелерге арнау арқылы, біз өмірімізде шынайы мағына мен мақсат табамыз. Сонда, біз таза ар-ұжданымызбен, жастарды жетелеуге көмектесуге және біздің халқымызға қызмет етуге қолымыздан келгеннің барлығын істегенімізді білеміз. Қазақстан мен оның жастарына Құдай жар болсын!